Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

«ҚАБЫЛ БОЛҒАН ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ СЫЙЫ – ЖӘННАТ»

Мақалалар

 

«ҚАБЫЛ БОЛҒАН ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ СЫЙЫ – ЖӘННАТ»

 

Қажылық  адам баласын рухани кемелдендіріп, тәубеге бастайды.  Сондай-ақ, қажылық –  үлкен тәрбие мектебі.   Ал «Қабыл болған қажылықтың сыйы – тек қана Жәннат», –дейді Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз хадисінде. (Сахих әл-Бұхари Әбу Һурайрадан риуаят еткен). Қажылық – мұсылман үмметінің бірлігін айқындайтын, барша адамзатты ұлы мақсатқа үндейтін, пендені рухани кемелденуге бастайтын мол мүмкіндіктер мен сансыз сауаптар маусымы. Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан әр тілде сөйлейтін, мемлекет басшысынан бастап қарапайым халыққа дейін бай-кедей әр ұлт өкілінің бір жерде бас түйістіріп, қасиетті Қағбаның алдында ерекше күй кешіп, аппақ ихрамға оранып, бір зікірді қайталап қажылық парызды атқаруы мұсылман жұртшылығының өзара ынтымағы мен бірлігін күшейтіп, иманын нықтай түседі.      

Алла Тағала  Құранда «Әли-Имран» сүресінің 97-аятында: «Мұнда келуге шамасы келген адамның бәрі Алла үшін сол үйге (Қағбаны) қажылық жасауға міндетті», –деп бұйырған. Ал, қабыл болған қажылықтың сыйы – Жәннат!

Бірде Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қандай амалдың артықтығы жайында сұралды. Сонда ол: «Аллаға және Оның елшісіне иман келтіру», – деп жауап берді. Сосын: «Одан кейін?», – деп сұрақ қойылды. Ол: «Алла жолындағы күрес», – деді. Тағы да: «Одан кейін қайсысы?», – делінді. Ол: «Қабыл болған қажылық», – деп жауап қайырды. Ал Алла жолындағы күрес – қабыл болған қажылық екендігін білдіретін хадисте мүміндердің анасы Айша (оған Алла разы болсын): «Уа, Алланың елшісі! Біз Алла жолындағы шайқасты ең абзал амал деп есептейміз, бұдан былай соғыспаймыз ба?», – деп сұрады. Ол: «Жоқ, бірақ ең жақсы күрес – қабыл болған қажылық», – деп жауап берген (Сахих әл-Бұхари, Хаж, 268-б).

Егер адам қажылық еткенде қандай да бір болмашы күнә-қателіктен бойын аулақ ұстаса, Алланың берген үлкен нығметін ұтымды пайдаланып, ниеті тек Жаратушы Тәңірдің ризашылығына жету болса, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанындай, «Ал қабыл болған қажылықтың сыйы – тек Жәннат қана» болып, Алланың шексіз рақымына бөленері анық. Себебі, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім үйге (Қағбаға) қажылық жасап, жаман сөз айтпай, ауыр күнә жасамаса, анасынан жаңадан туылғандай болып оралады», – деген сөзі осыған негіз болады (Сахих әл-Бұхари, Хаж. 268-б).

Расында Арафатта тұру, тауап жасау, Қағбаның алдында тұрып екі ракағат намаз оқу – адамның күнәларының төгіліп, рухани байлығының артуына себеп болатын амалдар. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қажылар мен умра жасаушылар  – Алла Тағаланың құрметті қонақтары мен меймандары. Егер олар Алладан (бір нәрсе) сұраса, (Алла) оларға береді, егер жарылқау тілесе, кешірім етеді, дұға тілесе, орындайды, егер жәрдем сұраса, оған бөленеді» – деген.

 

Қажылық құлшылығы адамды рухани әрі тәндік жұтаңдықтан арылтады. Себебі, Алла Өзінің жаратқан жаратылыстарына қандай нәрсе қажет, қандай нәрсе зиян екендігін білгендіктен бізге белгілі бір нәрселерді істеуден қайтарып, белгілі бір нәрселерді істеуімізге бұйырған.

ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер